ЖӘЛЕЛ ҚИЗАТОВ

Жәлел Қизатұлы Қизатов (9.10.1920, Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданы Қарағай ауылы – 25.4.1999, Қызылорда қаласы) – еңбек және соғыс ардагері, қоғам қайраткері. Кеңес Одағының Батыры (15.1.1944). 1940 жылы ауыл шаруашылығы техникумын бітірген соң, Қызыл Армия қатарына шақырылады. 1942 жылы кіші лейтенанттар курсын бітірген Қизатов 154-гвардиялық артиллерия полктың взвод командирі болды. Соғыс жылдары жоғары артиллерия мектебін бітіреді. 2-дүниежүзілік соғысқа бастан-аяқ қатысқан. Ол Одесса, Қырым, Сталинград, Белоруссия майдандарында, фашистермен күресті, батыр – қалалар Одесса, Керчь, Сталинградты қорғауға, Украина, Белоруссия, Польшаны фашистерден азат етуге қатысты, Германия жерінде соғысты. 1944 жылы Днепр өзені үшін болған шайқаста көрсеткен асқан ерлігі үшін аға лейтенант Қизатовқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Соғысты майор дәрежесінде аяқтады Соғыстан соң Қазақстан Компартиясы ОК жанындағы жоғары партия мектебін бітірді. 1947 – 50 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Ленин ауданы атқару комитетінің төрағасы, 1952 – 57 жылы Булаев ауданы атқару комитетінің төрағасы, 1957 – 63 жылы Таман дивизиясы атындағы кеңшардың директоры, 1963 – 68 жылы Қарақоға элеваторының директоры болды. 1968 – 87 жылы Қызылорда облыстық астық өнімдері басқармасының бастығы, 1988 – 97 жылы облыстық табиғатты қорғау қоғамы төралқасы төрағасының орынбасары, төрағасы қызметтерін атқарды. Ол облыс экономикасын дамытуға, әсіресе ауыл шаруашылығы мен өңдеуші өнеркәсіп саласына елеулі үлес қосты. Оның белсенді қатысуымен Қызылорда астық өнімдері комбинаты Жалағаш және Шиелі элеваторының құрылысы іске асырылды. Арал экологиялық апат аймағының мәселелерін жалпы мемлекеттік деңгейге көтерді. Арал өңіріндегі экол. апаттан зардап шеккендерді әлеум. қорғау мәселесі бойынша заңды жетілдірушілердің бірі болды. Жеңіс парадына екі рет қатысты. Ол бірнеше өлең, повестер, поэмалар мен әңгімелер жазған. Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстық халық депутаттары Кеңесінің депутаты болып сайланған. 2 рет Ленин орденімен, Октябрь революциясы, 1,2-дәрежелі Отан соғысы, 3 рет Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.



Текст
Виртуальная приемная