Қазақстан халықтарының Бірлігі күні

30.04.2021

Қазақстанда тұратын жүзден астам этнос өкілдері 1 мамырда мемлекеттік мереке - Қазақстан халықтарының Бірлігі күнін атап өтеді. Бұл мерекенің Республика халқына жақын мақсаттары мен дәстүрлері бар. Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Н.Назарбаев өз сөзінде мықты және гүлденген мемлекет құру қажеттігін, ал бұл барлығымен бірге күш біріктіріп, патриотизмді дамытып, «Әралуандықтағы бірлік» қағидатын іске асыра отырып мүмкін екенін атап өтті.

Мемлекеттік мереке қарсаңында елімізде челлендждер, онлайн іс-шаралар мен кездесулер өткізілуде. Қазақстан халқының Бірлігі күнін мерекелеу аясында Ж.Қизатов атындағы жоғары ауыл шаруашылығы колледжінде би флешмобы ұйымдастырылды (педагог - психолог В.Н.Юртованың жетекшілігімен). Іс-шараға қатысушылар Алмаз және Қайрат Түнтековтердің «Тоқтама» композициясымен түрлі мәдениет өкілдерінің бірлігін, толеранттылығы мен өзара түсінушілігін білдіретін достық биін орындады.

Сондай-ақ, «Менің ауылым» - менің кіші Отанымның тарихы буклеттерінің байқау-көрмесі өткізілді. Білім алушылар өздерінің шығармашылық қабілеттерін ғана емес, сонымен қатар өздерінің кіші Отанының тарихын білетіндерін де көрсете алды. Барлық жұмыстарда біздің ауылдардың қалыптасуы мен дамуы кезіндегі халықтың достығы мен бірлігі және осы маңызды құндылықтардың бүгінгі күнге дейін сақталуы байқалады. Қазақстан халықтарының Бірлігі күнін мерекелеу қарсаңында «Халықтар арасындағы достық түсінігі жай сөз емес» ұранымен сынып сағаттары да өтті.

Колледждің педагогикалық және студенттік ұжымы баршаңызды келе жатқан көктем мерекесімен құттықтайды! Халқымыздың әділетті, әрі дамыған мемлекет құрып, елімізді өркендету жолындағы мүддесі ортақ. Біз қоғамдағы тұрақтылық пен келісімнің, өзара қолдау мен жасампаз еңбектің арқасында кез-келген қиындықты еңсеріп, көздеген мақсатымызға жетеміз. Бірлігіміз жарасып, еліміз тыныш болып, бейбіт өмірде күн кешейік, достар! 1 мамыр құтты болсын!



Текст
Виртуальная приемная