14 наурыз – «Көрісу күні – Амал мерекесі»

14.03.2025

Көрісу – Наурыздың жаршысы, ол мерекенің онкүндігін ашады. Қазақстанда дәстүрге айналған Наурызнама мерекесі жыл сайын 14-23 наурыз аралығында өткізіледі. 14 наурыз – қазақ халқы үшін ерекше күн, ол Көрісу күні немесе Амал мерекесі деп аталады. Бұл күні адамдар қыстан аман-есен шыққандарына қуанып, бір-бірін кешіріп, бір-біріне ізгі тілектерін жолдайды. Бұл күні жастар үлкендердің үйіне барып, олармен көрісіп, ақсақалдардан бата алады. Көрісу күні – жақсылық пен бата, бірлік пен молшылық мейрамы. Осы күні үлкендерді құрметтеу, кішілерге қамқор болу, әлсіздер мен мұқтаж жандарға қолдау көрсету маңызды. Көрісу – татулық пен қайырымдылық, қарапайымдылық пен бауырмалдық мерекесі. Бұл күні жасы кішілер үлкендермен көрісіп, қол алысып, құшақтасып, ізет білдіреді. Ақсақалдар жастарға бата береді. Бұл күн – реніштерді ұмытып, арадағы өкпе-назды кешіретін күн. Дәстүрді жалғастыра отырып, біздің колледжде қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды. Бүгін біз мұқтаж студенттерге азық-түлік пакеттерін тараттық. Жақсылық марафоны – тек ұйымдар мен мекемелерді ғана емес, қарапайым қазақстандықтарды да біріктіретін ұлттық қозғалыс. Бұл біздің колледж үшін де жақсы дәстүрге айналды. Әкімшілік, оқытушылар, өндірістік оқу шеберлері, техникалық қызметкерлер мен студенттердің мейірімі мен жанашырлығы арқасында біз жан жылуын сыйлап, алғысқа толы жүздерден қуаныш көрдік. Бүгінгі күннің басты ұраны – баршаға ізгілік пен адамгершілік құндылықтарын насихаттау, толеранттылық пен белсенді өмірлік ұстанымды қалыптастыру. Әз-Наурыздың бастауы – Көрісу күні әр шаңыраққа қуаныш пен береке әкелсін!



Текст
Виртуальная приемная