Балаларға қатысты қорлау мен қудалаудың (буллингтің) алдын алу жөніндегі «ДосболLIKE» бағдарламасын іске асыру аясында «Жәлел Қизатов атындағы жоғары ауыл шаруашылығы колледжі» КМҚК әлеуметтік педагог С.Г. Коновалова студенттермен түсіндірме әңгіме өткізді.
Әңгімелесудің мақсаты: кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу; құмар ойындарға теріс көзқарас қалыптастыру; қауіпсіз және жауапты мінез-құлық дағдыларын дамыту.
Әңгіме барысында әлеуметтік педагог студенттерге лудомания (ойынға тәуелділік) ұғымын, оның пайда болу себептері мен салдарын түсіндірді. Онлайн-казино мен интернет арқылы жасалатын ставкалардың кең таралуы, олардың жасөспірімдердің психикасына әсері және қаржылық қауіп-қатерлері туралы ерекше айтылды. Сонымен қатар заңсыз құмар ойындарға қатысқаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделгені атап өтілді.
Сондай-ақ, студенттерге буллинг мәселесі туралы да еске салынды. Оның ықтимал салдарына мысалдар келтірілді. Студенттерге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қорлау, бопсалау, денсаулыққа зиян келтіру және басқа да құқыққа қарсы әрекеттер үшін жауапкершілік қарастырылғаны түсіндірілді.
Студенттер әңгімеге белсенді қатысып, интернет-алаяқтықтан қорғану жолдары, буллинг жағдайлары кезінде «сенім жәшігіне» жүгіну тәртібі және «111» тегін сенім желісіне хабарласу мүмкіндігі туралы сұрақтар қойды. Әңгіме барысында студенттер ойынға тәуелділіктің қауіптері мен буллингтің салдары туралы өзекті ақпарат алып, жауапкершілік шараларымен және өз құқықтарын қорғау тәсілдерімен танысты.


