Оның есімімен колледж аталған

12.10.2020

9 қазан күні Совет Одағының Батыры Жәлел Қизатұлы Қизатовтың туғанына 100 жыл толып отыр. Осыған орай, Батыр атамыздың атын асқан мақтанышпен ұстап жүрген жоғары ауыл шаруашылығы колледжі «Оның есімімен колледж аталған» атты конференцияны ұйымдастырды. Конференцияға Жәлел Қизатовтың қыздары, немерелері мен туысқандары қатысты.

Конференцияны Жәлел Қизатов атындағы жоғары ауылшаруашылығы колледжінің директоры Б.Ж.Бұғасов бастап, оның өмірі кейінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай мазмұнды болғанын және болашақта білімді, жігерлі, өз болашағына нық сенімді жас ұрпақ тәрбиелеу үшін оқу-тәрбие барысында жастарға өнеге етіп көрсету біздің міндетіміз екенін атап айтты.

Конференция барысында Жәлел Қизатовтың өмірбаянын оның қызы, профессор, техникалық ғылымдар докторы Майгүл Жәлелқызы Қизатова жүрекжарды етіп айтып берді.

Жәлел Қизатов ғажайып тағдырдың адамы. Ол жас күнінен оқу мен білімге құштар болып, өзінің ерік күші мен еңбекқорлығы арқасында жоғары жетістіктерге жете білген жан. 1936-1940 жылдары арасында Жәлел Қизатов біздің оқу орнымызда «Агрономия» мамандығы бойынша оқып, алғашқы мамандыққа ие болған. Батыр атамыз Ұлы Отан соғысы кезінде елі үшін аянбай соғысып, кеудесін оққа тосқан, 1944 жылдың 15-ші қаңтарында Днепрді азат етудегі ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Соғыстан кейін жерлесіміз партия қатарында және ауыл шаруашылығы саласында да ерен еңбек етті.

Батырдың еңбек жолы мен соғыс кезіндегі ерліктері жайлы мәліметтерді колледждің оқытушылары К.Қ. Капаров және Д.С.Ахметова баяндады.

Жәлел Қизатовтың шөбересі Арыс Нұрғалиұлы атасының экология саласында атқарған еңбегін айтып, осындай Батыр атасын аса мақтан тұтатынын жеткізді.

Конференцияға өз игі тілектерімен профессор, а/ш ғылымдарының кандидаты Күлбарам Нұрғалиқызы Баязитова, профессор, тарих ғылымдарының докторы Қадыржан Қабиденұлы Абуов және Ж.Қизатовтың туысқандары қосылды.

Барлық конференцияға қатысушылар Жәлел Қизатовтың есімі мәңгілік ел есінде, тарих бетінде қалатынына кәміл сенім білдірді.



Текст
Виртуальная приемная