2025 жылы 30 сәуір күні Астана қаласында "Қазақстан Республикасы колледждерінің ТОП-100 студенті" республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Аталған іс-шара Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылды. Солтүстік Қазақстан облысының атынан алты үміткер қатысып, олардың қатарында «Агрономия» мамандығы бойынша Жәлел Қизатов атындағы жоғары ауылшаруашылығы колледжінің 3-курс студенті Аленова Анара 87 балл жинап, үздік атанды.
Байқаудың мақсаты – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі дарынды студенттерді анықтап, қолдау көрсету, олардың кәсіби өсуіне ықпал ету және Қазақстан экономикасы үшін кадрлық әлеуетті қалыптастыру. Бұл байқау тек білім мен шеберлікті сынау емес, сонымен қатар табысты мансаптың бастауы бола білді.
Марапаттау күні мазмұнды әрі әсерлі өтті. ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың құттықтауынан кейін жеңімпаздарға медаль мен дипломдар табысталды. Жыл бойы өткізіліп жатқан Жұмысшы мамандықтар жылына орай, елдің үздік студенттері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған "Таза Қазақстан" экологиялық акциясын қолдап, "Бірлік пен келісім" саябағында ағаш отырғызды. Бұл – олардың азаматтық жауапкершілігінің айқын көрінісі болды.
Сонымен қатар, студенттер үздік тренерлер мен коучтердің стартаптар мен тұлғалық даму бағытындағы тренингтеріне қатысу мүмкіндігіне ие болды.
ТОП-100 – бұл жай ғана байқау емес, үздіктердің тізімі ғана емес – бұл кәсіптік білімнің маңыздылығын мойындау, еңбек пен білімге негізделген таланттың тек студент тағдырын ғана емес, елдің болашағын да өзгерте алатынының дәлелі.
Анараны шын жүректен құттықтаймыз! Жәлел Қизатов атындағы жоғары ауылшаруашылығы колледжі – тек алға!



